Skip to content

Жас ғалымдар мектебі

ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясындағы
Жас ғалымдар кеңесі

Ғылым мен білім – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуы мен өркендеуінің негізі. ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы бұл қағиданы басшылыққа ала отырып, жас зерттеушілердің әлеуетін дамыту, ғылыми ізденістерін қолдау және құқықтық саладағы өзекті мәселелерді зерделеу мақсатында 2002 жылы Жас ғалымдар кеңесін құрды.

Бұл маңызды бастама Академияның Ғылыми кеңесінің 2012 жылғы 31 қазандағы № 8 хаттамалық шешімімен жалпы ережесі бекітіліп, өз жұмысын бастады. Кеңес Академия қабырғасындағы жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыруға, олардың зерттеулерін қолдауға және құқық қорғау саласындағы өзекті мәселелерді зерделеуге бағытталған.

Құрылғалы бері Жас ғалымдар кеңесін әр жылдары түрлі білікті мамандар басқарды:

– 2002-2007 жылдары – полиция подполковнигі Алимаганбетов Ербол. Оның жетекшілігімен Академияда жас ғалымдарға арналған ғылыми жобалар жүзеге асырылып, зерттеу жұмыстарының жүйелілігі қалыптасты.

– 2007-2015 жылдары – полиция подполковнигі Ескендиров Айдос. Ол кеңестің ғылыми қызметін жетілдіріп, Академиядағы жас зерттеушілердің құқықтық ғылымға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.

– 2015-2017 жылдары – полиция полковнигі Амирханов Бақытжан. Ол кеңестің алғашқы даму кезеңін жүйелеп, жас зерттеушілерге ғылыми бағыт-бағдар беруге күш салды.

– 2017-2022 жылдары – полиция полковнигі Тумашиев Руслан. Оның жетекшілігімен кеңес жаңа биіктерді бағындырып, ғылыми жетістіктерге жетуге бағыт алды.

– 2022-2023 жылдары – полиция майоры Шегебаева Айгерім. Оның басшылығымен кеңестің жұмысы жанданып, жас ғалымдардың ғылыми еңбектері мен зерттеу тақырыптары кеңейе түсті.

– 2024 жылдан бастап осы күнге дейін – философия докторы (PhD) Шидемов Азамат Гарифуллаевич. Оның бастамасымен Жас ғалымдар кеңесі алғаш рет Академияда жас ғалымдар арасында «Үздік жас ғалым» байқауы ұйымдастырылды. Сонымен қатар Әскери арнайы оқу орындарының ассоциациясы аясында «Жас ғалымдар форумы» шарасы өткізілді. Жас ғалымдар кеңесіне арналған Жас ғалымдар кеңесінің жеке аудиториясы ашылды.

Жас ғалымдар кеңесінің миссиясы – Қазақстан Республикасы ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының ғылыми әлеуетін дамыту және шығармашылық мүмкіндіктерін іске асыру, кәсіби деңгейін арттыру, сондай-ақ Жас ғалымдардың құқықтарын қорғау және іске асыру, ғылыми білімді насихаттау болып табылады.

Жас ғалымдар кеңесі қызметінің мәні Академияның магистранттары, докторанттары мен жас ғалымдарының шығармашылық ғылыми белсенділігін дамытуға жәрдемдесу, сондай-ақ еңбек жағдайларын жақсарту және бос уақытты ұйымдастыру мәселелерінде олардың мүдделерін білдіру болып табылады.

«Жас ғалымдар» деп жоғары білімі бар және 35 жасқа дейінгі ғылыми жұмыспен айналысатын Академия қызметкерлері, сондай-ақ 40 жасқа дейінгі дәрежесі бар тұлғалар түсініледі.

Жас ғалымдар кеңесі қызметінің мақсаты жас ғалымдардың біліктілік деңгейін арттыру және кәсіби өсуіне жәрдемдесу, отандық ғылым мен жоғары білім саласындағы сабақтастықты қамтамасыз ету, жас ғалымдардың басым іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерге интеграциялануы, сондай-ақ кәсіби қызмет саласында жас ғалымдардың магистранттары мен докторанттарының құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады.

Жас ғалымдар кеңесі келесідей жұмыстарды атқарады:

– Жас ғалымдар кеңесінің отырысы әр ай сайын және кезектен тыс ұйымдастырылып келеді. Аталған отырыстарда магистранттар мен докторанттардың бағыттары ұқсас зерттеу жұмыстары бойынша проблемалы мәселелерге талқылаулар жүргізіледі;

– Жас ғалымдар арасында Жас ғалымдар кеңесінің қызметі және оның магистранттарды, докторанттарды және басқа да жас ғалымдарды ғылыми қызметке тарту туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

– Жас ғалымдар кеңесінің мүшелерін отандық және шетелдік конференциялар, дөңгелек үстелдер, жас ғалымдар, магистранттар мен докторанттар өткізетін жобалар немесе бағдарламалар туралы ақпараттармен жедел тарату мақсатында жұмыс тобы арқылы үнемі хабардар етіліп отырады.

– Академияның докторантурасын бітірген және философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алған түлектермен кездесулер ұйымдастырылып, диссертациялық жұмыстар мен ғылыми мақалалар жазу бойынша ақпарат алмасу үшін кездесулер ұйымдастырылып тұрады.

– Магистратура мен докторантураға түсетін болашақ кандидаттар үшін ғылыми-педагогикалық магистратураға және докторантураға түсу ерекшеліктері туралы ақпарат алмасу үшін кездесулер ұйымдастырылып тұрады.

– Жас ғалымдар кеңесі жыл сайын ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Академияның ғылыми-зерттеу жұмыс жоспарына сәйкес «Қазақстанның құқық қорғау жүйесі жаңа жаһандық нақты ахуалда: жай-күйі, реформалары, дамуы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырады.

– Магистратура мен докторантура тыңдаушыларына «Жас ғалымдар мектебі» тренингін ұйымдастыру мақсатында жиі отандық және шетелдік ғалымдар мен сала мамандарымен кездесулер өткізіліп тұрады.

– «Қазақстан Республикасы ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының үздік жас ғалымы» байқауы наурыз айының екінші онкүндігінде өткізіліп тұрады. Байқаудың мақсаты құқық қорғау қызметінің өзекті бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу қызметімен белсенді айналысатын Академияның ең дарынды жас ғалымдарын көтермелеу болып табылады. Байқауға 35 жасқа толмаған Академия қызметкерлері, Жас ғалымдар кеңесінің мүшелері, сондай-ақ ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының докторанттары мен магистранттары қатысады.

Байқау екі кезеңде өтеді: бірінші (сырттай) және екінші (күндізгі). Байқау жеңімпаздары туралы шешімді Академия бастығының бұйрығымен бекітілген комиссия қабылдайды. Байқау нәтижелері «Ғылым қызметкерлердің күніне» орайластырылған іс-шарада салтанатты түрде айтылып, жеңімпаздар марапатталады.